Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда "Жас сақшы" полиция сыныбының оқушылары спортшы-полицейлермен кездесті

Талдықорғанда "Жас сақшы" полиция сыныбының оқушылары спортшы-полицейлермен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Талдықорған қаласындағы №14 орта мектепте "Жас сақшы" полиця сыныбының оқушылары мен халықаралық деңгейде жетістікке жеткен спортшы-полицейлер арасында тағылымды кездесу өтті. Әлемдік спорт аренасында Қазақстанның абыройын асқақтатқан тәртіп сақшылары кадеттермен өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жеңіске жету жолы, тәртіп пен заң мен тәртіпке қызмет ету жайында әңгімеледі.

Кездесуге қызмет пен кәсіби спортты қатар алып жүрген полиция қызметкерлері қатысты. Олардың қатарында жауынгерлік самбодан спорт шебері, 2014 жылы Португалияда өткен халықаралық жарыстың қола жүлдегері әрі бірқатар әлемдік марапаттардың иегері Мәди Досмұхаметов бар.

Сондай-ақ жас сақшылар алдында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2024 жылғы Әлем кубогының чемпионы Дәурен Ауданбаев сөз сөйледі. Өзінің спорттағы және қызметтегі жолы туралы халықаралық дәрежедегі джиу-джитсу спорт шебері Қуандық Есенееев айтып берді. Кездесуге джиу-джитсудан спорт шебері Рүстем Ермекұлы да қатысып, өзін үнемі жетілдіру мен физикалық дайындықтың маңызын атап өтті.

Оқушылардың ерекше қызығушылығын джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2019 жылы Баку қаласында өткен грэпплингтен әлем чемпионатының қола жүлдегері Шерхан Жақсылық тудырды.

Спортшы-полицейлер кадеттерге спорттың адам мінезін қалыптастырып, ерік-жігерін шыңдайтынын, жауапкершілікке тәрбиелейтінін айтты. Бұл қасиеттер қызметте де, өмірде де аса маңызды екені атап өтілді. Сонымен қатар олар Дубай қаласында өткен арнайы бөлімшелердің халықаралық UAE SWAT Challenge 2026 турнирінен алған әсерлерімен бөлісті.

Жарыстың барлық кезеңдерінің қорытындысы бойынша жалпы есепте Kazakhstan C командасы бірінші орынға ие болды. Ал Kazakhstan A командасы екінші орын алып, қазақстандық күштік құрылымдардың жоғары деңгейдегі дайындығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Кездесу барысында спортшылар кадеттерге ақыл-кеңестерін айтып, қиындықтан қорықпауға, үлкен мақсаттар қойып, сол жолда табандылықпен еңбек етуге шақырды.

— Күш, ерлік және тәртіп — біздің қызметіміздің де, өміріміздің де негізі. Ең бастысы — өзіңе, өз күшіңе сену және ешқашан берілмеу. Сонда ғана биік белестерді бағындырып, еліңнің абыройын асқақтата аласың, — деп атап өтті полиция қызметкерлері.

Кездесу жылы әрі жігерлендіретін атмосферада өтті. Жас сақшылар үшін бұл ерлік пен рухтың, табандылық пен тәртіптің маңызын ұғындырған тағылымды кездесу болды. Олар еңбектің, тәртіптің және өзіне деген сенімнің арқасында спортта да, қоғамға қызмет етуде де үлкен жетістіктерге жетуге болатынын түсінді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру