Талдықорғандық кадеттер Кемел Тоқаевтың рухани мұрасымен танысты
Талдықорғандық кадеттер Үштөбеде Кемел Тоқаевтың рухани мұрасымен танысты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаратал ауданында “Жас сақшы” кадет сыныптарының оқушыларына арналған ауқымды патриоттық акция ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен тарихи сана қалыптастыру, ұлттық қаһармандарға деген құрметті арттыру. Полиция қызметкерлерінің бастамасымен №14 және №18 мектептердің кадеттері жазушы, қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Кемел Тоқаевтың туған жері – Қаратал ауданына танымдық сапарға шықты.
Сапар барысында алғашқы аялдама Кемел Тоқаевтың есімі берілген орта мектеп болды. Мұнда кадеттер жазушының өмір жолымен, еңбек қызметімен және қазақ әдебиетіне, әсіресе детектив жанрына қосқан үлесімен танысты. Сонымен қатар оқушыларға Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың ерліктері туралы мағлұмат беріліп, ел тарихының маңызды беттерімен тереңірек танысуға мүмкіндік туды.
Мектеп ауласында Каратал ауданының ақсақалдарымен кездесу өтті. Олардың арасында Кемел Тоқаевты көзі көрген жандар да болды. Ақ баталарын алған кадеттер мен полиция қызметкерлері аға буынға деген құрмет пен жерлестерінің өнегесін есте сақтауға ниеттерін білдіріп мектеп ауласында ағаштар отырғызды.
Келесі кезекте кадеттер Каратал аудандық тарихи-өлкетану музейіне барды. Мұражай экспозицияларын аралау барысында оқушылар Кемел Тоқаевтың еңбектерінің маңызын және өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасын тереңірек түсінді. Экскурсия соңында олар жазушы мен батырлар рухына арналған өлеңдер оқып, тағзым етті.
Күннің ең әсерлі сәті – ақсақалдармен бірге дастархан басында өткен кездесуге ұласты. Бір үстел басына жиналған бірнеше буын өкілдері Кемел Тоқаев туралы естеліктерімен, аңыз-әңгімелерімен бөлісіп, рухани сабақтастықтың жарқын үлгісін көрсетті. “Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп” деген нақылмен өткен кеш ұлттық дәстүрдің құндылығын айқындай түсті.
Мұндай шаралар жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, қоғамның рухани іргесін бекітуде маңызды рөл атқарады.