Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Таңдау өз қолында": ұлытаулық жастар есірткіге қарсы үн қосты

Ұлытаулық жастар есірткіге қарсы үн қосты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Сәтбаев қаласында 500-ге жуық жасты бір арнаға тоғыстырған "Таңдау өз қолында" атты кең ауқымды форум өтті. Іс-шараны Ұлытау облысы полиция департаменті ұйымдастырып, оның басты мақсаты – жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау болды.

Форум жұмысына полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ербол Қайрбеков, есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Оспанов, сондай-ақ қала әкімдігі, үкіметтік емес ұйымдар мен "Respublica" партиясының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында жас буынға нашақорлықтың адам өміріне, денсаулық пен болашаққа тигізер зияны кеңінен түсіндірілді. Интерактивті сессиялар мен тренингтер өткізіліп, жастар көкейіндегі сауалдарына жауап алды.

"Таңдау өз қолында" форумы – жастардың өз өміріне жауапкершілікпен қарап, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстап, саналы түрде дұрыс таңдау жасауына бағытталған маңызды платформа. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін аса қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру