Танысын алдап, көлігін иемденіп кеткен шымкенттік құрықталды
Танысын алдап, көлігін иемденіп кеткен шымкенттік құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласының Қаратау ауданының Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында танысы құны 8 млн теңге тұратын Samsung SM-6 автокөлігін алып, орнына Kia K5 көлігін беремін деп сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен иемденіп алғанын көрсеткен. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін көлікті қайтармай, орнына келісілген автокөлікті бермей жүргендігін жазған.
Аталған жайт бойынша Қаратау АПБ-ның криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде, Шымкент қаласының 35 жастағы тұрғыны анықталып, басқармаға жеткізілді.
Қазіргі таңда аталған азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену) қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде.