Алматылық жігіт Тараз тұрғындарын тонаған
Алматылық жігіт Тараз тұрғындарын тонаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз полициясына 67 жастағы әйел өтініш білдіріп, «Март» сауда орталығының жанында кәмелетке толмаған ұлы мен оның ағасынан 18-20 жастағы белгісіз ер адам екі телефонды алып кеткенін хабарлады.
Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 191-бабының 2-бөлігімен (Тонау) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде аталған телефондар Алматы қаласында анықталып, тәркіленді. Жаңа иелері олардың базардан сатып алынғанын және Тараздан ұрланғанын білмеді.
Полиция қызметкерлері осындай қылмысы үшін бұрын сотталған Алматы қаласының 19 жастағы тұрғынын анықтады.
Күдікті өзінің кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, үйге қайтуға ақшасы болмағандықтан осындай әрекетке барған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.