Тараз тұрғынын 2 млн теңгеге алдаған алаяқ ұсталды
Тараз тұрғынын 2 млн теңгеге алдаған алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жылжымайтын мүлікпен жасалған мәмілелер кезінде заңнаманың ашықтығына қарамастан, азаматтар алаяқтардың уысуына түсіп қалуы жалғасуда. Бұған себеп – адамдардың сенгіштігі. Тек ағымдағы жылдың 11 айында Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері алаяқтықтың 856 дерегін тіркеді, оның 323-і интернет арқылы жасалған.
Тараз қаласының полициясына облыс орталығының 30 жастағы тұрғыны жүгінді. Ол қаланың шағын аудандарының бірінде екі бөлмелі пәтерді сатып алуға көмектесемін деген сылтаумен алдап, сеніміне қиянат жасау жолымен оның 2 млн. теңге көлеміндегі ақшасын иемденіп кеткені туралы хабарлады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары 46 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады. Ұсталған азамат кінәсін толық мойындады, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Осы дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Еске сала кетейік, жамбылдық полицейлер осындай ірі сомадағы қылмысты ашты. Әйел азаматтарды 50 млн. теңге көлеміндегі ақшаға алдап, жылжымайтын мүлікті тиімді бағамен сатып алуға көмектесуге уәде берген.