Тараз жастары есірткіге қарсы би фестивалінде бірікті
Тараз жастары есірткіге қарсы би фестивалінде бірікті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қаласындағы оқушылар сарайында "Көшенің тынысы – есірткіге қарсы»" ұранымен V қалалық заманауи би фестивалі өтті. Аталмыш іс-шараның басты мақсаты – жастардың назарын есірткіге тәуелділік мәселесіне аудару, сондай-ақ би өнері мен шығармашылық арқылы салауатты өмір салтын насихаттау болды.
Фестиваль аясында көше биінің түрлі бағыттарын қамтыған 19 команда өнер көрсетті. Қатысушылардың барлығы дипломдармен, кубоктармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шараны Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, оқушылар сарайы және "Елу жылда – Ел жаңа" қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.
Байқау қорытындысы бойынша Гран-при жүлдесін "Ритмосфера kids" (Оқушылар сарайы), "South Style" және "Bronx" командалары иеленді. Бірінші орынға "Fly Girls" (Оқушылар сарайы) мен "Ateam" (DL студиясы) лайық деп танылса, екінші орын "Energy Girl’s" (Оқушылар сарайы) және "Bronx" ұжымдарына берілді. Ал үшінші орынды "Ритмосфера" (Оқушылар сарайы) және "Eclips" (DL студиясы) топтары қанжығалады.
Фестиваль жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мен есірткіге қарсы мәдениетті нығайтуда маңызды қадам болды.