Таразда 15 алаяқтық іске қатысы бар тұрғын қолға түсті
Таразда 15 алаяқтық іске қатысы бар тұрғын қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Hi-tech» жедел-алдын алу іс-шарасы ақпараттық технологияларды, оның ішінде интернет-алаяқтықпен жасалатын құқық бұзушылықтарға қарсы күрес шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған. Аталған іс-шараның бірінші күні Жамбыл облысының полицейлері интернет-алаяқтықтың сегіз дерегін анықтады.
Мәселен, Тараз қаласының 25 жастағы тұрғыны «Instagram» әлеуметтік желісінде алтын бұйымдарды сату сылтауымен азаматтардың сеніміне кіріп, оларды алдау жолымен ақша қаражатын иемденген. Қазіргі уақытта миллион теңгеден астам сома көлемінде жасалынған алаяқтықтың 15 дерегі анықталды.
Барлық деректерге қатысты ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Жамбыл облысының Полиция департаменті әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігін пайдаланушыларды интернет-алаяқтық деректерінің өсуі туралы ескертеді.