Таразда балаларға қызметтік иттердің шеберлігі көрсетілді
Таразда балаларға қызметтік иттердің шеберлігі көрсетілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Із кесу, тыйым салынған заттарды табу және қылмыскерлерді ұстау – бұл фильмнен алынған көрініс емес, Тараз қаласындағы №6 орта мектеп оқушыларына арналған ерекше көрнекі көрсетілімнің бір бөлігі.
Іс-шара “Оқушылар есірткіге қарсы” акциясы аясында ұйымдастырылды. Шараны Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, кинологиялық қызмет орталығы және Тараз қаласы әкімдігінің Жастар ресурстық орталығы бірлесіп өткізді.
Оқушылар қызметтік иттердің жұмысымен жақын танысып, олардың есірткі заттарын қалай іздейтінін, бұйрықтарды нақты орындайтынын және шартты құқық бұзушыларды қалай ұстауға қатысатынын өз көздерімен көрді.
Көрсетілімнен бөлек, қатысушылар маңызды ақпарат алды: мамандар есірткі, соның ішінде синтетикалық заттардың зияны мен оларды қолданудың салдары туралы түсіндіріп берді.
— Мұндай іс-шаралар оқушыларда нашақорлыққа қарсы берік иммунитет қалыптастырады. Тікелей қарым-қатынас пен жеке әсерді ештеңе алмастыра алмайды. Қызметтік иттер қылмыстарды ашуда ғана емес, алдын алу ісінде де сенімді серікке айналып отыр, — деп атап өтті Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асқар Жұмабеков.