Таразда екі ер адам 92 жастағы тұрғынның қақпасын ұрлап кетті
Таразда екі ер адам 92 жастағы тұрғынның қақпасын ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қаласының полиция бөліміне 92 жастағы жергілікті тұрғын жүгінді. Ол наурыздың 7-сі мен 8-і аралығында белгісіз тұлғалар оның үйінің қақпасын ұрлап кеткені туралы хабарлады. Белгісіз адамдар құлыпты бұзып, үйге кіріп, тұрмыстық құралдарын да алған. Келтірілген залалдың көлемі шамамен 70 мың теңгені құрайды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері облыс орталығының 30 және 21 жастағы тұрғындарын анықтап, ұстады. Ұсталған азаматтар кінәсін толық мойындады. Заттай дәлелдемелер алынды.
Күдіктілердің пайда табу мақсатында ұрлық жасағаны анықталды. Сондай-ақ, 21 жастағы ұсталған адамның осыған ұқсас қылмысы үшін бұрын да сотты болғаны белгілі болды.
Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Осы баптың санкциясы екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не мүлкін тәркілей отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.