Таразда ерлікпен қаза болған полицейлерді еске алу рәсімі өтті
Таразда қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан полиция қызметкерлерін еске алу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан полициясы күніне орай Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы саябақта қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған ішкі істер органдары қызметкерлеріне арналған салтанатты гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Іс-шараға Жамбыл облысы полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
Салтанатты рәсім барысында полиция капитаны Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, қаза болған полиция қызметкерлерінің ерлігі мен жанқиярлығына тағзым етілді.
ПД бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев және ІІО Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрдалы Шералин сөз сөйлеп, әріптестерін құрметпен еске алды.
Шара соңында жеке құрам ескерткіш алдынан сап түзеп, салтанатты маршпен жүріп өтті.