Таразда кафеге телефонын кепілге қалдырған азаматтың атынан 3 млн теңгеге жуық несие рәсімдеген
Таразда кафеге телефонын кепілге қалдырған азаматтың атынан 3 млн теңге жуық несие рәсімдеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 қазан күні Тараз қаласының полициясына 37 жастағы жергілікті тұрғын шағыммен жүгінді. Ол шағымында белгісіз тұлға банктің мобильді қосымшасы арқылы оның атынан 2 840 000 теңге көлемінде несие рәсімдегенін, содан кейін осы ақшалай қаражатты букмекерлік қосымшаның есеп шотына аударғанын хабарлады.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі 1-тармағы (Ірі мөлшерде жасалған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Жәбірленуші оқиға қарсаңында облыс орталығындағы кафелердің бірінде демалғанын айтты. Есеп айырысу үшін ақшасы жетпей, өзінің ұялы телефонын кепілге қалдырып, кейін оны ұмытып кеткен. Әйелінің телефоны арқылы банктің қосымшасына кіріп, ол өз атынан үлкен көлемде несие рәсімделгенін білген.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері осы кафенің 20 жастағы қызметшісін анықтап, ұстады. Ол өз кінәсін толық мойындады, тергеу амалдары жалғасып жатыр.