Таразда полицейлер ертегі кейіпкерлеріне еніп, балаларды қуантты
Таразда полицейлер ертегі кейіпкерлеріне айналып, балаларды қуантты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай, Тараз қаласындағы жатақханалардың бірінің ауласында ерекше мереке өтті.
Бұл шараны Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы облыстық жастар ресурстық орталығының қолдауымен қаладағы саябақтарда өткен мерекелік шараларға қатыса алмаған балалар үшін арнайы ұйымдастырды.
Мерекелік акция балалармен маңызды тақырыптар туралы қарапайым әрі түсінікті тілде сөйлесудің жарқын үлгісі болды. Акцияның мақсаты – қуаныш сыйлау ғана емес, сонымен қатар салауатты өмір салтының маңыздылығына назар аударту.
Полицейлер күтпеген жерде аниматорлардың рөліне еніп, ертегі кейіпкерлерімен бірге ойындар ұйымдастырды.
Балалар арқанмен секіріп, "Көңілді доп" ойынын ойнап, шар үрлеу жарысына белсенді қатысып, шексіз қуанышқа бөленді. Ал асфальтқа сурет салу байқауы балалардың бақытты болашаққа деген қиялын бейнелеген нағыз көрмеге айналды.
Әр балаға жаздың және балалық шақтың басты белгісі – балмұздақ табысталды.