Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Таразда полицейлер мен еріктілер үйлердің қабырғаларын есірткі жарнамаларынан тазартты

Таразда полицейлер мен еріктілер үйлердің қабырғаларын есірткі жарнамаларынан тазартты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысында полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Жастар ресурстық орталығы өкілдерімен, нашақорлықтың алдын алу жөніндегі кеңес мүшелерімен және еріктілермен бірлесіп "Есірткісіз болашақ" атты акция өткізді. Сонымен қатар, шара аясында "Таза Қазақстан" акциясы да ұйымдастырылды.

Акция барысында қатысушылар тұрғын үйлер мен ғимараттардың қабырғаларында жазылған, есірткі заттарын сату туралы ақпарат беретін және тыйым салынған интернет-ресурстарға сілтемелер қалдырылған граффитилерді өшірді.

Қазіргі таңда мұндай интернет-сайттар бұғатталды. Сонымен қатар аталған жазбаларды жасаған және таратқан тұлғаларды анықтау мен ұстау бағытында жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.

Есірткі заттарын насихаттайтын немесе олардың жарнамасын заңсыз тарататын граффити жазбаларды салу — Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 299-1-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Аталған бапқа сәйкес, кінәлі тұлғалар 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, ал егер қылмыс алдын ала сөз байласқан адамдар тобы тарапынан жасалса, жаза мерзімі 6 жылға дейін ұзартылады.

Сондай-ақ есірткі заттарын жасырып кету арқылы таратумен айналысқандар ҚР ҚК-нің 297-бабы бойынша жауапқа тартылады. Бұл бап бойынша 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, ал егер қылмыс білім беру мекемелерінің аумағында жасалса — өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Есірткі сату, сақтау, притон ұйымдастыру, қабырғаларға заңсыз жазбалар жазу немесе интернет арқылы тарату деректері белгілі болған жағдайда, бұл туралы анонимді түрде Telegram-бот "Narko Shekteu Taraz" немесе 102 нөмірі арқылы хабарлауға болады. Барлық өтініштердің құпиялылығы толық сақталады.

Полиция өңір тұрғындарын ұлт денсаулығына және жас ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін бұл мәселеге немқұрайды қарамауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру