Таразда полиция бөлімінде жаңа профилактикалық кабинет ашылды
Таразда полиция бөлімінде жаңа профилактикалық кабинет ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қаласында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық кабинет ашылды. Жаңа кабинет "Заң мен тәртіп" қағидатын жүзеге асыру аясында Тараз қаласы полиция басқармасының Әулие-ата аудандық полиция бөлімінде жұмысын бастады.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес қолға алынған жоба тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуды күшейтуге бағытталған. Кабинеттің ашылуына орай өткен кездесуге полиция департаменті
Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының қызметкерлері, аудан әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау саласының мамандары қатысты. Жиын барысында қоғамдағы құқықтық тәртіпті сақтау және ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Мамандардың айтуынша, жаңа кабинет азаматтарға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар тұрғындар мен полиция арасындағы өзара байланыс та арта түспек.
— Бүгінгі таңда облыс бойынша полиция бөлімдерінде осындай 7 кабинет ашылды, жоспар бойынша тағы 6 кабинет ашылатын болады. Профилактикалық кабинет азаматтарға кеңес беріп, қажетті қолдау көрсетуге, сондай-ақ тұрғындар мен полиция арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді, — деп атап өтті ПД профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы Данияр Асылбеков.
