Таразда полиция университет студенттеріне салауатты өмір салтын қалыптастыру тақырыбында дәріс өтті
Таразда полиция университет студенттеріне салауатты өмір салтын қалыптастыру тақырыбында дәріс өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараздағы М.Х. Дулати атындағы университетте есірткіге қарсы күрес және салауатты өмір салтын қалыптастыру тақырыбында кезекті дәріс өтті. Шараға 300-ден астам студент қатысты.
Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі қолданудың зиянды салдары туралы айтып, нақты мысалдар арқылы тәуелді адамның өзіне ғана емес, жақындарына да үлкен зиян тигізетінін көрсетті.
Олар студенттерді денсаулық пен белсенді өмір салтын таңдауға шақырды. Зиянды әдеттерден аулақ болумен қатар, сабырлылық, төзімділік, еңбекқорлық, өз күшіне сенім және мейірімділік секілді өмірлік қиындықтарды еңсеруге көмектесетін қасиеттерді дамыту маңыздылығын түсіндірді.
Бұл өзекті тақырып Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар аясында ұйымдастырылды. Осы күні студенттер полиция қызметкерлерімен бірге Ұлттық киім күнін атап өтті.
– Ұлттық дәстүрлерге, құндылықтарға және өз халқының мәдени мұрасына жақындасу арқылы жастар түрлі қиындықтардан қорықпай, оларға қарсы тұруды үйренеді, – деді Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығының міндетін атқарушы Асқар Жұмабеков.
М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек те сөз сөйлеп, жастарды жақсы әдеттерге, ұлттық дәстүрлерді ұлықтауға шақырды.
Кездесу барысында кинологтар қызметтік иттерімен есірткі заттарын іздеу, қылмыскерлерді ұстау бойынша көрсетілімдер жасады. Облыстық полиция департаментінің оқу-жаттығу взводының өнері де көрермендерді тәнті етті.