Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Таразда "Тәрбиелі жастар – қоғам тірегі" атты жастар форумы өтті

Таразда "Тәрбиелі жастар – қоғам тірегі" атты жастар форумы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Тараз қаласында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында "Тәрбиелі жастар – қоғам тірегі" атты жастар форумы өтті. Ауқымды шараны ҚР Ішкі істер министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі және Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті бірлесіп ұйымдастырды. Форумның модераторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал актер Әділ Ахметов болды.

Жиын барысында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев құқық бұзушылыққа ықпал ететін негізгі себептер мен жағдайларды жою – басты міндет екенін атап өтті. Ал Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов жас ұрпақ үшін қауіпсіз ортаны қалыптастыруға бағытталған заңнамалық өзгерістерге тоқталды.

Өз кезегінде Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, "Заң және тәртіп" қағидатын нығайту полиция қызметінің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Ол құқық қорғау органдары кез келген қауіпке жедел әрекет етіп, жасөспірімдердің құқыққа қайшы әрекеттерге тартылу қаупін азайтуға күш салатынын жеткізді.

ҚР Ішкі істер министрлігі жариялаған Қылмыстың алдын алу жылы аясында жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, азаматтық белсенділігін дамыту мен патриоттық сезімін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта отбасы, мектеп, мемлекеттік органдар мен полиция арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге басымдық берілді.

Форум барысында Жамбыл облыстық ПД бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев буллинг, киберқылмыс, синтетикалық есірткінің зияны және суицид тақырыптары бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілікке тартылуына байланысты 25 білім беру қызметкері тәртіптік, 19 мектеп басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Форумда жастар арасында ықпалды, қоғамда ой туындата алатын танымал тұлғалар сөз сөйледі. Олардың қатарында әйгілі спортшы, Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров, белгілі журналист-блогер Өркен Кенжебек, ақын Абай Қалшабек, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы болды.

Пікір алмасу алаңына айналған бұл форум жастардың құқықтық тәрбиесін қалыптастыруға өз үлесін қосты. Қоғамдық тәртіпті сақтау, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру жолындағы тың идеялар талқыланды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру