Таразда велошеру өтті
Таразда “Есірткісіз Қазақстан!” ұранымен велошеру өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Спорттық іс-шараны Қалалық жастар ресурстық орталығының қолдауымен Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – қоғамның және жастардың назарын белсенді өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден, есірткі тұтынудан бас тартуға аудару. Салауатты өмір салтын ұстануға шақырған 60-тан астам велошабандоз қала көшелерін аралап шықты. Велошеру Jastar аллеясындағы алаңнан басталып, Тұңғыш Президент саябағы аумағында аяқталды. Қатысушыларға Тараз қаласының Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының экипажы ілесіп жүрді.
Жамбыл облысының ПД бастығының орынбасары Нұржан Рахметуллаев велошеруге қатысушылар алдында сөз сөйлеп, нашақорлықтың бүкіл әлемде кең таралған өткір әлеуметтік мәселе екенін атап көрсетті. Полиция департаменті нашақорлық деректеріне жол бермеу бойынша алдын алу жұмыстарын жыл сайын жандандыруда.
⁃ Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында барлық азаматтарды синтетикалық есірткіге қарсы жалпыұлттық күреске шақырды. Президент бұл індеттің азаматтарымыз арасында, әсіресе, жастар арасында таралуына берік тосқауыл қоюды тапсырды. Нашақорлықпен күресте ешкім немқұрайлылық танытпауы керек, өйткені бұл бүкіл қоғамды алаңдататын мәселе және онымен бірге күресуіміз керек. Бірлескен күш-жігер арқылы денсаулыққа жауапкершілікпен қарап, есірткі заттарын пайдаланудан бас тарту дағдыларын қалыптастыруға қолайлы жағдай жасау қажет, – деді спикер.
Жыл басынан бері Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлерімен есірткіге қатысты 472 қылмыс дерегі анықталды. Заңсыз айналымнан 2,5 тоннаға жуық есірткі заты тәркіленді.