Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Таразда жастардың есірткіге қарсы көзқарасын анықтауға арналған әлеуметтік эксперимент өтті

Таразда жастардың есірткіге қарсы көзқарасын анықтауға арналған әлеуметтік эксперимент өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, жас буынның есірткіге қарсы санасын бағалауға бағытталған әлеуметтік эксперимент ұйымдастырды.

Шара Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта өтті. Эксперимент барысында полиция қызметкері заңға қайшы әрекетті сахналық түрде көрсетіп, жастарды есірткіге қатысты сайттарды заңсыз жарнамалауға тарту әрекетін бейнеледі. Акцияның мақсаты – жастардың мұндай ұсыныстарға қаншалықты дайын екенін, хабардарлық деңгейін және қарсы тұра алу қабілетін айқындау.

Іс-шара аясында қатысушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1-бабында (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын, прекурсорларын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) көрсетілген заң бұзушылықтың салдары түсіндірілді. Сондай-ақ құқықтық және ағартушылық жұмыс жүргізілді.

Нәтижесінде ұйымдастырушылар жастар арасындағы ақпараттану деңгейінің жоғары екенін атап өтті. Қатысушылардың басым бөлігі ұсыныстан бірден бас тартып, жауапкершілік пен жағдайдың маңыздылығын ұғынды.

Эксперимент соңында барлық қатысушыларға "Есірткісіз болашақ" деген жазуы бар футболкалар мен кепкалар табысталды. Бұл – салауатты өмір салтын қолдаудың әрі есірткіге қарсы құндылықтарды бекем ұстанудың нышаны.

Осындай бастамалар жас ұрпақты қылмыстық әрекеттерден сақтандыруға және олардың бойында есірткіге қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыруға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру