Таразда жүргізу құқығынан айырылған мас жүргізуші ұсталды
Таразда жүргізу құқығынан айырылған мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысының аумағында 8-17 қарашасы аралығында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Шараның негізгі мақсаты – жол қауіпсіздігінің алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесу, оның ішінде қоғамдық көлік жүргізушілері арасында көлік жүргізу тәртібін арттыру және Жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау бойынша жұмыстарды жандандыру.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерінің жолын кесті, оның ішінде мас күйінде көлік құралын басқарудың 35 дерегі анықталды.
Мәселен, «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде түнгі сағат 02:00 шамасында Тараз қаласының Прманов және Плеханов көшелерінің қиылысында 38 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы Toyota Carina маркалы көлігі тоқтатылған. Тексеру барысында полиция қызметкерлері жүргізушінің бұрын сот органдары тарапынан көлік құралын басқару құқығынан айырылғанын, алайда соған қарамастан көлікті басқарып, мас күйде болғанын анықтады.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 346-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Автокөлік айып тұрағына қойылды. Құқық бұзушылықтың бұл түрі 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілікті көздейді.
Жедел алдын алу шарасы кезінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 5254 дерегін анықтады. Нәтижесінде, қарсы қозғалыс жолағына шығудың 5 дерегі, апатты жағдай жасаудың 62 дерегі, көлік құралын басқару кезінде телефонды пайдаланудың – 455, қауіпсіздік белдігі бекітілмеген – 681, қауіпті маневр жасаудың 344 факті, жаяу жүргіншілерге немесе жол жүрісінің өзге де қатысушыларына қозғалыс кезінде басымдық бермеудің 781 дерегі, құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруыдың 297 факті және жаяу жүргіншілер арасында 781 бұзушылық дерегі анықталды.
Полиция қызметкерлерімен арнайы айыптұраққа ЖҚЕ бұзғаны үшін барлығы 123 көлік құралы қойылды.