Тараздағы пробация қызметіндегі сотталғандар экологияны жақсартуға үлес қосты
Тараздағы пробация қызметіндегі сотталғандар экологияны жақсартуға үлес қосты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасының Президенті қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында “Таза Қазақстан” жалпыұлттық экологиялық акциясының маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – халқымыздың экологиялық сана-сезімін арттырып, еліміздің тазалығына бірлесіп үлес қосу.
Қазіргі таңда Тараз қалалық пробация қызметінде 600-ден астам сотталған азамат есепте тұр. Олардың ішінде сот үкімімен 100 сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбекке тартылғандар да бар. Сот шешімін орындау аясында “Жасыл Ел-Тараз” жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесе отырып, “Таза Қазақстан” акциясына қатысу мүмкіндігі ұйымдастырылды. Осы санаттағы 125 сотталған азамат 2024 жылдың 6 қарашасында Тараз қаласындағы Жеңіс саябағын тазалау жұмыстарына атсалысты.
Бұл әлеуметтік маңызы зор жоба елді ортақ іске жұмылдырып, қоршаған ортаны қорғауға және елімізді көркейтуге үлес қосуға бағытталған. Жоба аясында қоғамдағы әрбір азаматтың экологиялық жауапкершілігін арттыруға негізделген жаңа сана-сезім қалыптасады.