Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тәртіп пен тәрбие: Ұлттық ұланда 8 баланың әкесі қызмет етеді

Нұр-Ахан Асан — қызмет пен отбасын үйлестіре білген нағыз патриот, көп балалы әке. Ол бүгінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланның Шымкент қаласында орналасқан 6698 әскери бөліміндегі 2-атқыштар ротасы бақылаушылар взводының маманы болып қызмет етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өз міндетін бұлжытпай орындайтын, әскери бөлім ішіндегі беделі жоғары сержанттың елге, қызметке адалдығы — жас сарбаздарға үлгі.

Нұр-Ахан университетте алғашқы әскери дайындық мамандығы бойынша білім алып, әскери салаға ден қойған. 2012 жылы Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінде қызмет жолын бастап, кейін 2018 жылы қазіргі қызмет етіп жатқан бөлімге ауысты. Содан бері тәртіпті нығайту, түзету мекемесінде қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытында аянбай қызмет етіп келеді.

– Жауынгерлік қызмет атқару барысында өзімізге жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындаймыз. Біз қырағылық пен сақтыққа аса мән береміз. Бұл ретте бақылаушы өз ісіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Қызметте тиянақты әскери қызметші әулетінде де өнегелі әке бола алады, – деді кейіпкеріміз.

Ол – қызметте ғана емес, отбасында да үлгілі азамат. Бүгінде жұбайымен бірге 2 қыз, 6 ұл тәрбиелеп отырған ардақты әке. Ол үшін "Қызметте – тәртіп, отбасында – тәрбие" деген ұстаным әрқашан бірінші орында.

Ұлттық ұланның сапында табанды қызметімен көзге түсіп жүрген, Отанға қызмет етуді абырой санайтын Нұр-Ахан Асан секілді азаматтар — ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіптің сенімді тірегі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру