Тәртіп пен заң жолындағы әулет дәстүрі
Polisia.kz сайты Қазақстан полициясы күні қарсаңында өмірін полицияда қызмет етуге арнаған жандар жайлы ақпарат ұсынады.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету — үлкен жауапкершілік жүктейтін, жан-жақты төзімділік пен кәсіби шеберлікті талап ететін сала. Бұл жол – батыл жүрек пен темірдей тәртіптің жолы. Полиция қызметін жай мамандық емес, өмірлік миссия деп қабылдаған жан ғана бұл салада табандылық таныта алады. Осындай биік қасиеттерді ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан отбасылар – құқық қорғау жүйесінің тірегі, елге адал қызмет етудің үлгісі.
Тауданбековтер жанұясы — осы жолды өз тағдырымен байланыстырып, қызмет сабақтастығын берік орнатқан әулеттердің бірі. Бұл отбасы үшін полиция қызметі - абырой мен сенімнің, жауапкершілік пен жанқиярлықтың нышаны.
Тауданбеков Болатжан Аскербекұлы 1973 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Катон-Қарағай ауданында дүниеге келген. Құқық қорғау саласындағы еңбек жолын 1993 жылы бастап, 30 жыл бойы ШҚО полиция департаментінің патрульдік полиция батальонында аға инспектор қызметін атқарған. Полиция капитаны шенінен зейнетке шығып, бүгінде – Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері.
Өз ісіне адалдықпен қарап, байсалды мінезі мен жауапкершілігі арқылы көпке үлгі болған Болатжан Аскербекұлының есімі әріптестері арасында ерекше құрметке ие.
Әкенің сара жолын қос ұлы – Темірлан мен Санжар да абыроймен жалғастырып келеді. Олар да бүгінде тәртіп сақшысы ретінде қоғам тыныштығын күзетіп жүр.
Аскербеков Темірлан Болатжанұлы 2015 жылы полиция қатарына қабылданып, еңбек жолын тылды қамтамасыз ету тобының жүргізушісі ретінде бастаған. Қазір полиция лейтенанты, ШҚО ПД патрульдік полиция батальонында инспектор болып қызмет етеді.
Ал кенже ұлы – Аскербеков Санжар Болатжанұлы бала күнінен тәртіп сақшысы болуды армандаған. 2016 жылы Астанадағы С.Нұрмағамбетов атындағы "Жас ұлан" республикалық мектебіне оқуға түсіп, оны 2018 жылы аяқтап, кейіннен С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың заң факультетін тәмамдады. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап патрульдік полиция батальонына жұмысқа қабылданып, бүгінде аға лейтенант шенінде қызмет атқаруда.
– Кішкентай кезімнен полиция формасына қызығатынмын. Әкем мен ағамның қызметін көріп өскен соң, олардың әр әрекеті мен үшін үлгіге айналды. Әсіресе жезл ұстап, көліктерді тоқтатқан сәттері ерекше әсер ететін. Сол көріністер менің ішкі сенімімді нығайтып, бұл мамандыққа деген ықыласымды арттырды, – дейді Санжар.
Заң мен тәртіпті күзету – күнделікті қалыпты көрінгенімен, батылдық пен табандылықты қажет ететін, әр сәті сынға толы жауапты жұмыс. Династиялық әулеттер - жастарға патриоттық тәрбие беріп, адалдық пен тұрақтылықты насихаттауда ерекше рөл атқарады. Тауданбековтер отбасының таңдауы – бұл мамандықты жүрекпен қабылдаудың, оған жан-тәнімен беріле қызмет етудің жарқын үлгісі.