Тәртіп сақшылары Алматыда кальян барларына рейд жүргізіп жатыр
Тәртіп сақшылары Алматыда кальян барларына рейд жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы жылдары қоғамдық тамақтану орындарында, түнгі клубтар мен барларда кальянды пайдаланғанды жөн санайтын жастар көбейіп келеді.
- Өкінішке орай, олардың көпшілігі кальян шегудің зияны жоқ және қарапайым темекіге зиянсыз балама деп санайды. "Қазақстан Республикасының халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексінің 110-бабы 5-тармағына сәйкес, қоғамдық тамақтандыру нысандарында және демалуға арналған орындарда кальян шегуге тыйым салынады. "Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін!" коалициясымен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, біз профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргіземіз. Жыл басынан бері қоғамдық орындарда темекі шеккені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы бойынша 3851 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 127-сі кәсіпкерлік субъектілері, - деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев.
ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда кальян шегетіндерге 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
- Бұзушылық қайталанған жағдайда 20 АЕК көлемінде, ал мекеме иелеріне 20-дан 60 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Сондай-ақ құқық бұзушылықтың себептері мен шарттарын жою бойынша шаралар қабылдауды ұсыну жүзеге асырылады, - деді Ұзабаев.