Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тәртіп сақшылары балаларға қуаныш сыйлады

2019 жылдың басынан бастап Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері Департамент бастығы Ералы Жұмаханбетовтың бастамасымен №4 балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамқорлығына алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сол уақыттан бері полицейлер қамкөңіл балаларды қуантуға барынша атсалысып келеді. Атап айтсақ, балалар үйі тәрбиеленушілерінің өмірлік ұстанымдарын қалыптастыру, бағыт-бағдар көрсету мақсатында спорттың бірнеше түрінен үйірмелер ашып, онда кәсіби спорт жаттықтырушыларын шақыртты.

Бүгінде спорттың күрес, бокс сынды түрлерінен балалар республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Жуырда қосымша жеңіл атлетика, дзюдо, таэквандо сынды спорттық секциялар ашылады. Онда балаларды спорттан үздік нәтижеге қол жеткізген Шымкент қаласы Полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері жаттықтырады.

Қазіргі карантин жағдайын ескере келе отырып, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетовтің тапсырмасымен Департамент қызметкерлері Тәуелсіздік мерекесіне орай балалар үйінің тәрбиеленушілерімен онлайн кездесті.

Онлайн кездесу барысында балалар үйінің тәрбиеленушілері болашақта полицей болуды армандайтынын жеткізді. Өз кезегінде Ералы Жумаханбетов балаларды сабақты жақсы оқуға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

– Спортпен шұғылданып жүрсеңдер, полицей боламын деген армандарың орындалады. Бастысы мақсат қоя білу керек. Оған жету жолындағы түрлі кедергілерден өту қажет. Біз өз тарапымыздан қажетті көмекті көрсететін боламыз, – деді Ералы Мұсаәліұлы.

Дәстүрге айналған кезекті онлайн кездесу барысында Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов және Департаментінің жеке құрамы балалар үйінің тәрбиеленушілерін  Тәуелсіздік күнімен құттықтап, мерекелік сыйлықтарын табыстады.

Сондай-ақ аталған мекеменің тәрбиеленушілерінің рухын көтеру, жарқын болашаққа жеткізетін жолды таңдауға ықпал ету мақсатында спорттан үздік нәтижеге қол жеткізген Полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің жетістіктерімен таныстырды. Сала үздіктері де балаларға ағалық қамқорлық танытып, оларға спорт саласында да, өмірде де қолдау білдіруге әзір екенін жеткізді.

Кездесу соңында Шымкент қаласының №4 балалар үйінің тәрбиеленушілері мен мекеме ұжымы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетовке және Департаментінің жеке құрамына 2019 жылдан бері көрсетіп келе жатқан қамқорлығы үшін алғыс айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру