Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тәртіп сақшылары оқушыларға «көшедегі қауіпсіздік» сабағын өткізді

Ішкі істер министрлігі мен Baq.kz ақпарат агенттігінің мектеп оқушыларына арналған жобасының кезекті қауіпсіздік сабағы өтті. Балалар жылы аясында ұйымдастырылған сабақ «Көшедегі қауіпсіздік» тақырыбына арналды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

фото: baq.kz

Оқушылар үшін асыға күткен жазғы демалыс басталады. Алаңсыз ойын баласының қауіпсіздігі – тәртіп сақшылары үшін өзекті мәселе. Сондықтан олар каникулға шығатын оқушылар арасында түсіндірме жұмысын көбейтті. Бұл жолы кездесу «БИНОМ-Сарыарқа» мектебінің 5-ші сынып балаларымен өтті. Ерекше форматтағы сабақ көшедегі сақтық ережелеріне негізделді. Сонымен қатар самокат, велосипедпен жүрудің талаптары пысықталды.

«Бүгін біз балалар арасында қауіпсіздік сабағын өткіздік. Бұл сабақта балаларға көшеде, қоғамдық жерде немесе үйде өздерін қалай ұстау керектігін үйреттік. Балалар қауіп төнген кезде сасқалақтамай, өздерін қорғай білулері керек», – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Лейла Әліпбаева.

Кездесуде жол ережесіне, қауіпсіздікті сақтау дағдыларына қатысты бейнероликтер көрсетілді. Бөтен адаммен подъезге, жеделсатыға жалғыз кірген кезде қандай ережелерді сақтау қажеттігі, үйден ұзап ойнамау және самокат пен велосипедті белгіленген жерте тебу талаптары айтылды. Оқушылар да ойларында жүрген сауалдарын қойып, шараға белсенді қатысты.

фото: baq.kz

Сабақ соңында мектеп кітапханасына полиция қызметкерлерінің күнделікті тыныс-тіршілігі бейнеленген «Серт» детектив шығармалар жинағы табысталды. Ал оқушыларға қазіргі заман қаһарманына айналған батыр-полицей Ғазиз Байтасовтың өмір жолы жазылған кітап сыйға берілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру