Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тәртіп сақшылары отбасылық үлгідегі балалар ауылына барды

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Қостанай облысының ПД қызметкерлері «Жанұя» отбасылық үлгідегі балалар ауылына барып, балаларға жеміс-жидектер мен тәттілер сыйлады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

«Жанұя» отбасылық үлгідегі балалар ауылы 2000 жылы ашылған. Балалар ауылының басты айырмашылығы – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды барынша үй жағдайында тәрбиелеу болып табылады.

– Полиция қызметкерлері әр мереке сайын осы мекеменің балаларына көңіл бөліп, оларды қуантуға тырысады. Наурыз, балаларды қорғау күні сияқты мерекелер қарсаңында біз балаларға әрдайым сыйлықтар әкелеміз, – дейді облыстық ПД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Ербол Нұрмұхамедов.

Қазір «Жанұя» балалар ауылында 44 тәрбиеленуші бар, балалардың 11-і жетім және 33-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Балалармен 17 педагог жұмыс істейді, олар бірнеше рет Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Қостанай облысы, қала әкімінің, Қостанай облысы білім басқармасының алғыс хаттарымен, грамоталарымен марапатталған.

20 жыл ішінде «Жанұя» балалар ауылынан 106 тәрбиеленуші түлеп ұшты.

«Жанұя» балалар ауылының қызметкерлері ата-ананың жылуынсыз қалған балаларды тәрбиелеуге көмектескендердің барлығына алғыс білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру