Тәртіп сақшылары тұрғындарды алаяқтықтан сақ болуға шақырады
Тәртіп сақшылары тұрғындарды алаяқтықтан сақ болуға шақырады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының қала мен ауылдардарында полиция қызметкерлері тұрғындарға алаяқтықтың алдын алу мақсатында арнайы буклеттер таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
– Буклеттерде алаяқтықтың ең көп таралған тәсілдері көрсетілген. Әсіресе қарт кісілердің алданып қалмауы үшін мұндай түсіндіру жұмыстары өте маңызды. Сондықтан біз тұрақты түрде алдын алу шараларын өткізіп тұрамыз, – деді Ақсу қалалық полиция бөлімінің бастығы міндетін атқарушы Айдар Сламбеков.
Алаяқтық – бұл бөтеннің мүлкін ұрлау немесе алдау, сенімге қиянат жасау арқылы оған құқық иелену әрекеті. Оның кең тараған түрлеріне тауар немесе қызмет туралы жалған ақпарат тарату, өзге адам болып танысу жатады. Ал сенімге қиянат жасау – сенімге кіріп, өз пайдасы үшін міндеттемелерді орындамау (мысалы, несие алып, оны қайтармау) сияқты жағдайларды қамтиды.
Бүгінде электронды әмияндармен байланысты қаржылық алаяқтық кең етек жайған. Мәселен, қылмыскерлер төлем жүйесінің "комиссиясы" үшін алдын ала ақша сұрайды. Алайда қаражатты алған соң, олар байланысқа шықпайды. Мұндай жағдайлар көбінесе тегін хабарландыру алаңдарында жиі кездеседі.
Полиция алаяқтардың құрбаны болмас үшін қарапайым ережелерді сақтау қажеттігін ескертеді:
әр ұсынысты мұқият талдап, күмән тудыратын ақпаратты тексеру;
бейтаныс адамдардың белгісіз сілтемелеріне өтпеу;
тек сенімді және ресми қызметтерді пайдалану.
Алаяқтар жыл сайын адамдардың сеніміне кіру үшін жаңа әдіс-тәсілдер ойлап табады. Көп жағдайда оларды адал азаматтардан ажырату қиынға соғады. Дегенмен сақтық шараларын қатаң ұстану арқылы жағымсыз жағдайлардың алдын алуға немесе қаржылық шығындарды азайтуға болады.