Тәртіп сақшылары жазғы лагерлерде жасөспірімдермен кездесу өткізуде
Тәртіп сақшылары жазғы лагерлерде жасөспірімдермен кездесу өткізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласындағы мектеп жанындағы жазғы лагерлерде демалып жатқан балалар үшін құқықтық бағыттағы танымдық кездесулер ұйымдастырылуда. Бұл шараның басты мақсаты – балалар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, жаз мезгіліндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіру және құқық бұзушылықтың алдын алу.
Солтүстік полиция бөлімінің ювеналды полиция инспекторлары Ирина Емцова мен Махаббат Топанова жасөспірімдермен әңгіме барысында түнгі уақытта үлкендердің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жүрудің жауапкершілігі, белгісіз және қауіпті орындарда шомылу, жол-көлік оқиғаларына ұшырау қаупі туралы кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
– Қазіргі таңда көптеген бала электр скутерлерін пайдаланады. Алайда оның да өз ережесі бар: электр скутерді тек 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігі бар азамат қана басқаруға құқылы. Жол қозғалысы ережелерін білу – өз өміріңді қорғаудың кепілі, – деп атап өтті тәртіп сақшылары.
Мұндай кездесулер жазғы кезеңде дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Полицейлер балалармен ашық диалог орнатып, олардың сұрақтарына жауап береді, қауіпсіздік туралы пайдалы кеңестермен бөліседі.
Сонымен қатар бұл кездесулер кәсіби бағдар беру сипатында өтеді. Көптеген бала үшін полиция қызметкерлерімен жүздесу шабыт көзіне айналып, болашақта осы салада еңбек етуге деген қызығушылық оятуы мүмкін. Тәртіп сақшыларының өнегесі – жас ұрпақ үшін адалдық пен қызметке деген жауапкершіліктің айқын үлгісі.