Тас жолдағы апаттан 2 адам көз жұмды
Бүгін, 29 қаңтарда «Nissan X-trail» және «МАЗ-54322» автокөліктерінің қатысуымен «Үшарал-Достық» тас жолынан 4 шақырым жерде жол апаты орын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz .
Апат салдарынан кроссовер салонында болған жолаушылар екі әйел көз жұмды. Жүргізуші мен тағы да басқа екі жолаушы Үшарал қаласының ауруханасына жеткізілді. Алдын ала болжам бойынша көліктің соқтығысуына көктайғақ себеп болған. Жүргізушілердің бірі көлігін басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен.
— Қазір ЖКО дерегі бойынша қажетті сараптамаларды тағайындау арқылы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігінде (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы,абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан) қарастырылған сотқа дейінгі тергеу басталды,-деп хабарлады Алматы облысы ІІД баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша тергеу-облыстық тергеу басқармасының анықтаушыларының назарына алынды.