Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тасыбаевтардың құқық қорғау органдарындағы қызмет тарихы

Полиция қызметі – тек бір мамандық қана емес, ол – жүрегі мықты, әрдайым сынақтарға төтеп беруге дайын, қиын шешімдер қабылдайтын және көмекке мұқтаж адамдардың жанынан табылуға әзір тұлғалардың таңдауы. Мұндай тұлғалардың бірі – Талғар аудандық ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы Ханым Тасыбаева, ол өмірін қиын жағдайға тап болған балалар мен жасөспірімдерге қызмет етуге арнады. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар. 

Талғар қаласының тумасы Ханым бала кезінен-ақ Ұлы Отан соғысының ардагері әрі милицияның қадірменді қызметкері атасы Куставлет Тасыбаевтың өнегесіне қарап өсті. Оның атасы қарапайым милиция қызметкерінен бастап, төлқұжат бөлімінің бастығына дейін көтеріліп, майор шенінде зейнетке шыққан. Атасының ерлігі мен адалдығы немересінің болашақ жолын таңдауға бағдар болды.

1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін тәмамдаған Ханым ішкі істер органдарында қызмет етуге шешім қабылдайды. Бір жылдан кейін арнайы дайындықтан өтіп, Талғарда кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болып қызметке кіріседі.

Балалармен жұмыс – жүрекпен сезінуді қажет ететін ерекше міндет. Қызмет барысында ол кең жүректі, жоғары жауапкершілігі бар кәсіби маман ретінде танылды. Бүгінде оның басшылығында 22 қызметкер жұмыс істейді.

Профилактикалық жұмыстың жүйелі жүргізілуі, жеке тәсілдер мен ата-аналар комитеттері және мектеп инспекторларымен тығыз байланыс арқасында, 2024 жылы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық саны 7 оқиғаға дейін азайса, 2025 жылы бұл көрсеткіш бар-жоғы 1 жағдайға дейін төмендеген. Бұл табанды еңбектің, тиянақты әрі үйлесімді жұмыстың айқын нәтижесі.

Алайда қызметтегі жетістіктері оның өмірінің тек бір бөлігі ғана. Ханым Тасыбаева берік әрі бақытты отбасын құрды. Жолдасы Нұрдәулет Тасыбаев та өмірін полиция қызметіне арнаған, полковник шенінде 2005 жылы зейнетке шықты. Ол 2021 жылы өмірден озса да, оның жарқын бейнесі мен еңбегі ұлдарының жүрегінде мәңгі сақталады. Олар да әке жолын жалғастырып, отбасылық дәстүрді нығайтуға ұмтылуда.

Тасыбаевтар әулеті – қызметке адалдықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің және адамдарға терең құрметтің шынайы үлгісі. Ханымның қайын ағалары Тимур мен Руслан да ұзақ жылдар бойы ішкі істер органдарында қызмет етіп, майор шенінде зейнетке шыққан.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру