"Тасымалдаушы" ЖПІШ: полиция жол қауіпсіздігін күшейтті
Елімізде жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және заңсыз жолаушы тасымалдаудың алдын алуға бағытталған "Тасымалдаушы" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10-12 қазан аралығында Әкімшілік полиция комитеті мен Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті бірлесіп, Бас көлік прокуратурасының ұйымдастыруымен "Тасымалдаушы" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.
Іс-шараның мақсаты – жолдағы қауіпсіздік деңгейін арттыру, тасымалдау қызметіне бақылау жүргізу, жолаушылар мен жүк тасымалдау кезіндегі құқық бұзушылықтарды анықтау, сондай-ақ заңсыз көлік қозғалысының жолын кесу.
Іс-шара кезінде 13 600-ден астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелді, оның ішінде 268 жүргізуші көлікті мас күйде басқарған, олардың 8-і жолаушы тасымалдау кезінде ұсталды. 213 жүргізуші қарсы бағыттағы жолаққа шыққан, оның 20-сы жолаушы тасымалдау кезінде анықталды. 1 962 көлік техникалық байқаудан өтпеген, оның 280-і жолаушы тасымалдау кезінде болған. Көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланудың 2 506 дерегі тіркелген, оның 439-ы жолаушы тасымалдау барысында анықталған. Жолаушылар мен жүкті тасымалдау ережесін бұзудың 1 167 дерегі анықталды. Заңсыз жолаушы және жүк тасымалдаудың 394 фактісі тіркелді, оның 317-сі такси жүргізушілеріне тиесілі, сондай-ақ кей жағдайларда жол ережесін бұзушылар оң жақ рөлді көліктерді — Toyota Alphard, Estima және басқа да автокөліктерді пайдаланған.