Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Таза Қазақстан" акциясы: Павлодар облысында 16 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді

Павлодар облысында полицейлер сәуір айында басталған "Таза Қазақстан" ауқымды экологиялық акциясын жалғастыруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Акцияның басты мақсаты – өңірдің санитарлық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны ластаушы және экологиялық құқық бұзушылықтарға "нөлдік төзімділік" мәдениетін қалыптастыру.

— Полиция табиғатты қорғау органдарымен, қоғамдық ұйымдармен және эко-белсенділермен бірлесіп рұқсатсыз қоқыс орындарын анықтау және құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту бойынша рейдтік іс-шараларды тұрақты жүргізіп келеді. Акция басталғалы бері қоғамдық орындарды ластағаны және абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 16 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 26 заңсыз қоқыс орны анықталды, — дейді Павлодар облысы ПД.

Мысалы Ақсу кентінде бір әйел жеке үйінің қақпасының маңына ауласындағы кесілген ағаштардың бұтақтарын жинап қойған. Павлодар қаласында Астана көшесіндегі екі тұрғын үйдің кіреберісінде тағы екі әйел құрылыс қалдықтарын орналастырған. Барлық фактілер бойынша әйелдер абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, полиция қызметкерлерімен жүргізілген түсіндіру жұмыстарынан кейін қоқыс шығарылды.

Екібастұз қаласында М.Әуезов көшесіндегі үйлердің бірінің кіреберісінің жанында мас күйінде темекі шеккен ер адам темекі тұқылын жерге тастаған. Абаттандыру қағидаларын бұзған тұлғаларға алғаш рет ескерту жасалды, ал құқық бұзушылық қайталанған жағдайда әрқайсысына айыппұл салынады.

Ведомство мәліметінше, рейдтер барысында рұқсатсыз қоқыс үйінділерін қалыптастыру бойынша екі құқық бұзушылық анықталып, оларды жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органға хабарланды.

Сонымен қатар білім беру мекемелерінде қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған үгіт-насихат сипатындағы дәрістер өткізіліп келеді.

Полиция тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, қоғамдық орындарда тазалық сақтауға және заң талаптарын бұзбауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру