Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Таза Қазақстан”: Астанада 20 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды

Астанада “Таза Қазақстан” акциясы аясында полицейлер 20 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіп үлгісі” экологиялық акциясы аясында Астана қалалық полиция департаменті қоршаған ортаны абаттандыру ережелерін бұзу және қоғамдық орындарды ластау фактілерінің алдын алу шараларын жүргізуде. Іс-шараның мақсаты – қоғамда кез келген заң бұзушылықтарға “мүлдем төзбеушілікті” қалыптастыру. Осылайша, іргелес аумақты уақытылы тазаламағаны және қоқыс үйіндісі жасағаны үшін 162 құрылыс компаниялары, аудан ішілік аумақтарды тазартатын, қалдықтарды шығаруды жүзеге асыратын 188 мердігер ұйым, қызмет көрсетілетін ғимараттардың іргелес аумақтарын дұрыс тазаламағаны үшін 86 қызмет көрсететін ұйым жауапкершілікке тартылды.

Қалада қоқыс үйінділерінің пайда болуының алдын алу мақсатында анықталмаған орындарға қоқыс түсіріп жатқан тұлғаларды анықтау бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілуде.

Жалпы, жыл басынан бері рұқсатсыз қоқыс шығарғаны үшін 367 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылса, ағынды суларды төккен 83 кәріз көлігінің жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Астана қалалық полиция департаменті барша қала тұрғындарын немқұрайлы қарамауға, елорданы көркейтуге өз үлестерін қосып, акцияға қосылуға шақырады. Белгісіз орындарға қоқыс төгу, құрылыс және басқа да қалдықтарды сақтауды көрген болсаңыз, дереу “102” арнасына хабарлаңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру