"Таза Қазақстан": Астанада полицейлер экологиялық тәртіпті сақтауға үн қосты
Астанада полицейлер экологиялық тәртіпті сақтауға үн қосты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласында кең көлемде жүзеге асырылып жатқан "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында тәртіп сақшылары санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр.
Акция басталғаннан бері елордада полиция қызметкерлері 45 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады. Атап айтқанда рұқсат етілмеген орындарға қоқыс төгу, абаттандыру қағидаларын бұзу және экологиялық талаптарды сақтамау секілді заңсыз әрекеттер тіркеліп отыр.
Мәселен, жүк және кәріз көліктерінің жүргізушілері тарапынан 560-тан астам әкімшілік құқық бұзушылық жасалған. Соның ішінде Көктал көшесінде тіркелген дерек бойынша жүк көлігінің жүргізушісі қоқысты тиісті емес жерге тастағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 344-бабы негізінде жауапкершілікке тартылып, көлік құралын пайдалануға тыйым салынды.
Қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған рейдтік шаралар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Экологиялық талаптарды бұзғандарға қатысты қатаң шаралар қабылданып, қоғамдық тәртіпті сақтау мәселесіне ерекше назар аударылуда.
Астана қаласы полиция департаменті тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға, тазалық сақтауға және заң талаптарын мүлтіксіз орындауға шақырады. Себебі әрбір азаматтың экологиялық жауапкершілігі – еліміздің жарқын болашағының кепілі.