"Таза Қазақстан": Атырауда полицейлер ағаш отырғызды
Атырауда полицейлер ағаш отырғызу акциясына атсалысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы бастау алды. Аталған акция аясында Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерімен бірлесіп, Жайық өзенінің жағалауында ағаш отырғызу акциясына өз үлестерін қосты.
- Қызметкерлердің мұндай бастамаларға белсенді араласуы – олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін білдіреді. Біз тек қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен шектелмей, табиғатты қорғау бағытында да белсенді болуымыз қажет. Табиғатты аялау – әрбір азаматтың парызы, – деді Атырау облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықов.
Экологиялық акция барысында 60-тан астам түп жасыл желек егілді. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы барлық облыс тұрғындарын осындай игі істерге белсенді атсалысуға, еліміздің жасыл әрі таза болашағына өз үлесін қосуға шақырады.