"Таза Қазақстан" экологиялық акциясы: елордада құрылыс компаниясынан құқық бұзушылық анықталды
"Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы басталғалы полиция қызметкерлері 63 мыңнан астам заңбұзушылықты анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоқысты заңсыз тастау, рұқсат етілмеген жерлерге ағынды суларды төгу, қоршаған ортаны ластауға байланысты басқа да заң бұзушылықтар басты назарда болды.
Акция басталғалы бері 674 жүк және ассенизатор көлігінің жүргізушісі жауаптылыққа тартылып, ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 39 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталса, ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бап бойынша 24 мыңнан астам хаттама толтырылды.
Рейдтік іс-шаралар жүргізу кезінде абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін құрылыс компаниясы ӘҚБтК-нің 505-бабының 2-бөлігі бойынша жауаптылыққа тартылды.
Астана қаласы әкімдігімен және "109" бірыңғай анықтама қызметімен бірлесіп рейдтер жүргізілуде. Алдын алу шаралары ұйымдастырылып, азаматтармен табиғатты қорғау заңнамасын сақтаудың маңыздылығы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
"Таза Қазақстан" акциясы экологиялық жағдайды жақсартуға, қоршаған ортаның ластануына жол бермеуге және азаматтардың табиғат тазалығына жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Экологиялық ережелерді сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға шақырамыз!