"Таза Қазақстан": Павлодарда қоғамдық орынды ластағандар жауапқа тартылды
Павлодарда қоғамдық орынды ластағандар жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Мүлдем төзбеушілік" – бұл кез келген құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік танытуды білдіретін ұстаным. Мұндай құқық бұзушылықтарға тұрмыстық зорлық-зомбылық, ұсақ бұзақылық, тыныштықты бұзу, қоғамдық орындарда алкоголь ішу, сондай-ақ көшеге қоқыс тастау сияқты әрекеттер жатады.
Жедел басқару орталығының (ЖБО) операторлары тәулік бойы халық көп шоғырланатын жерлерде, тұрғын үйлердің аулаларында, сондай-ақ адам қарасы аз аллеялар мен бұрыш-бұрыштарда орнатылған бейнекамералар арқылы бақылау жүргізіп отырады.
Мәселен, Павлодар қаласындағы дүкендердің бірінің маңында ЖБО камерасы ер адамның темекі шегіп, темекі тұқылын жерге тастаған сәтін тіркеді. Тағы бір оқиғада бірнеше ер азамат бейнекамера объективіне түсіп қалып, олардың бірі темекі қалдығын рұқсат етілмеген жерге тастаған. Ал Торайғыров көшесінде өз көлігінде отырған ер адам да темекі шегіп болған соң, тұқылын сыртқа лақтырған.
Аталған құқық бұзушылықтар бойынша оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері ұсақ бұзақылық жасаған азаматтарға шара қолданды.
Полиция өкілдерінің айтуынша, кейбір тұрғындар ұсақ құқық бұзушылықтарды елеусіз деп санап, оларды жасауға болады деген қате түсінікте. Алайда бейнетіркеу жүйесі арқылы мұндай әрекеттердің барлығы анықталып, кінәлілер жазасыз қалмайды.
Жыл басынан бері облыс бойынша ұсақ бұзақылыққа қатысты 500-ден астам құқық бұзушылық дерегі тіркеліп, олардың жолы кесілді.
"Заң және Тәртіп" қағидатын басшылыққа ала отырып, әрбір азамат "Таза Қазақстан" акциясына белсенді түрде атсалысу арқылы құқыққа бағынатын, ұстанымы берік, салауатты ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қоса алады.