"Таза Қазақстан": Қызылордада абаттандыру ережелерін бұзған құқық бұзушылар анықталды
Қызылордада полицейлер "Таза Қазақстан" аясында 7700-ден астам құқық бұзушылықты анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысында "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы қарқынды түрде жалғасуда. Акция аясында облыс полицейлері 7700-ден астам құқық бұзушылықты анықтап, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартты. Атап айтқанда, абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша - 4641 дерек, ал ортақ пайдаланылатын орындарды ластау бойынша 3115 құқық бұзушылық тіркелді.
Іс-шара барысында 23 мобильді топ құрылып, 4378 рейд жүргізілді. Нәтижесінде облыс көлемінде 504 заңсыз қоқыс тастау орны анықталды. Учаскелік полиция инспекторлары тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар өткізіп, тұрғындарға тазалық пен тәртіпті сақтау қажеттігін түсіндіруде. 27 шілде күні қала шетіне КамАЗ жүк көлігімен құрылыс қоқыстарын заңсыз төккен жүргізуші анықталды.
Аталған құқық бұзушылық бойынша ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы (Қоғамдық орындарды ластау) негізінде жүргізушіге хаттама толтырылды. Көпқабатты үйлер ауласындағы, сондай-ақ қала маңындағы кейбір аудандарда бей-берекет тасталған қоқыстар экологиялық жағдайға кері әсерін тигізіп отыр. Қоғам белсенділері мен тұрғындар бұл мәселені әлеуметтік желілерде жиі көтеріп, фото және бейнематериалдар жариялауда. Полиция бұл жарияланымдарды бақылап, өз құзыреті аясында тиісті шаралар қабылдайды.
Учаскелік инспекторлар азаматтарды Instagram мен Facebook-те шағым жазумен қатар, тікелей полицияға хабар беруге шақырады. Полиция өңірдің тазалығы мен тәртібін сақтау – барша тұрғындардың ортақ міндеті екенін еске салады.