Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тазалықты сақтамаған тұрғындар жауапқа тартылуда

Петропавл полицейлері жаңа шағын ауданда қоқыс тастаған көпқабатты үйдің тұрғындарын жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Белгіленбеген жерге қоқыстың жиналуы – Петропавл тұрғындарының жиі кездесетін мәселелерінің бірі болып табылады. Наразылықтарын білдірген қала тұрғындары әлеуметтік желілерде қоқыс төгілген жерлердің суреттері мен видеоларын жариялауда. Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері тазалықты сақтау ережелерін бұзғандарды анықтау және алдын алу бойынша жұмыс жүргізуде. Петропавл қ. ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Айдын Ақмағамбетовтың айтуынша, негізінен бұл проблема қала шетінде кездеседі. Алайда, кейде жаңа салынған көп қабатты үйлердің тұрғындары да айналасындағыларға немқұрайлық танытып жатады. Жаңа салынған «Жас өркен» шағын ауданында пәтерлерін ретке келтіруге асыққан тұрғындар құрылыс қоқыстарын үйіндіге айналдырған. Сол маңдағы жер үйлердің маңына қоқыс жиналған. Учаскелік полиция инспекторы үш тұрғынды жауапқа тартты: біреуі ескерту алып, екеуіне айыппұл салынды. Учаскелік инспектордың жұмысының нәтижесінде қоқыс шығарылды.

Сондай-ақ, жаз мезгілінде облыс орталығында тұрмыс қалдықтарын шығаруға жауапты кәсіпорын қызметкерлері үш рет жауапкершілікке тартылды. Міндеттерін уақтылы орындамау Былғары зауыты, Жұмысшы кенті аудандарындағы және Алтынсарин көшесіндегі үйлердің бірінің ауласындағы қоқыс жәшіктерінің маңайында үйінділердің пайда болуына әкеп соқты.

– Абаттандыру ережелерін сақтау туралы сөз қозғағанда, тек қала көшелерінің эстетикасын ғана айтпаймыз, – дейді Айдын Ақмағамбетов. – Стихиялы үйінділердегі тұрмыстық қалдықтар инфекцияның таралуына негіз болады, бұл жайында, әсіресе, елімізде әлі карантиндік шектеулер болып жатқан кезеңде, естен шығармаған жөн.


Жыл басынан Петропавл қ. ПБ полицейлері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша 2659 хаттама толтырды. Құқық бұзушылардың көпшілігіне ескерту жасалды, 82 адамға айыппұл салынды – бұл шара өрескел заң бұзушылықтар жасалғанда немесе бірінші жазадан кейін бір жыл ішінде қайталанған жағдайда қолданылады.

Облыста жеті айдың ішінде абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 6516 адам жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру