Тәжірибелі учаскелік инспектордың бір күні
Павлодар облысындағы Кемеңгер ауылдық округінің учаскелік инспекторы Қанат Әбілдинов өз аумағындағы әрбір адамды таниды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшысы Қанат Әбілдинов 2023 жылдың қыркүйек айынан бері Павлодар ауданына қарасты Кемеңгер ауылдық округіне қызмет етеді. Оның учаскесінде Кемеңгер, Шаңды және Красноармейка станциясының тұрғындары – барлығы 3 235 адам тұрады. Бұл аймақ арқылы Павлодар - Шарбақты облыстық маңызы бар күре жол өтеді.
Полиция қызметіндегі жолын Қанат мамандандырылған күзет қызметі басқармасында сержант болып бастады. Ал 2009 жылдың мамыр айында туған жері Павлодар ауданындағы Шақат ауылдық округінде учаскелік инспектордың көмекшісі болып тағайындалды.
Учаскелік инспектор қызметінің қыр-сырын меңгеріп, халықпен байланыс орнатуда оған тәлімгері – бүгінде ішкі істер органдарының зейнеткері Рустам Қапанов көп көмектесті.
Бүгінде үлкен тәжірибесі бар ауылдық учаскелік инспектор Қанат Әбілдинов құқық бұзушылықтың алдын алу үшін халықпен тығыз қарым-қатынаста болу басты міндет деп санайды. Ол: "Учаскелік инспектордың негізгі басымдығы – күнделікті алдын алу жұмыстары, халықтың мәселелерін шешуге көмек беру. Барлық қарттар мен жалғызбасты адамдарды, есепте тұрған азаматтарды аралап, олардың жай-күйімен танысу қажет. Жаяу жүріп, адамдарды біліп, олармен тілдесу арқылы инспекторды халық та жақыннан тани бастайды. Осылайша, адамдар өздері-ақ кеңес беріп, маңызды ақпаратпен бөліседі. Бұл – үлкен қолдау", – дейді.
Қанат Әбілдинов жауапты жұмысына қарамастан, отбасына да уақыт табуға тырысады. Ол жары Ләззат екеуі екі ұл тәрбиелеп отыр.
Қанат Әбілдинов пен оның отбасына бақыт пен амандық, ал оның қызметіне сабыр мен табыс тілейміз. Жергілікті тұрғындар өз учаскелік инспекторына сенім артып, полиция қызметінің арқасында әрдайым тыныштық пен қауіпсіздікті сезінсе екен.