Телефон аппараты салынған пакет петропавлдықтарды дүрліктірді
«Қазақтелекомның» жанында телефон аппараты салынған пакет петропавлдықтарды дүрліктірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Қазақтелекомның» жанында не болып жатыр?», – әлеуметтік желілерде аталған мекемеге полиция қызметкерлерінің тездетіп жиналып жатқаны жайлы тараған бейнежазбаның астында қолданушылар осындай сұрақтар қоя бастады. Оқиға орнында «Қазақтелеком» қызметкерлерінің шақыртуымен келген Петропавл қ. Полиция басқармасының жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатты.
«102» арнасына ғимараттың кірберісінде белгісіз қараусыз пакеттің жатқаны туралы қоңырау келіп түсті. Дереу ғимараттан келушілер мен қызметкерлер шығарылды. Күмәнді пакетті тексеруге келген жарылғыш заттар бойынша инспектор-маман пакеттің ешқандай қауіп төндірмейтінін анықтады. Оның ішінде телефон аппараты болған. Арнайы бөлініс қызметкерлері мен кинолог мамандар ғимаратты тексеріп шығып, қауіпті заттар анықталмады.
– Бұл пакетті келушілердің бірі ұмытып кеткен болуы керек. Қазір мекеме қызметкерлері пакеттің иесін анықтау үшін бейнекамералардағы жазбаларды тексеріп жатыр, – дейді жедел-тергеу тобы құрамындағы кезекшілікте болған тергеуші Камила Макина.