Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Темір тордың ар жағындағы еңбек: сотталғандар дәмді нанды қалай дайындайды?

Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №5 мекемеде әр таң жаңа піскен нанның хош иісімен басталады. Мұндағы наубайхана бүгінде сапаның шынайы үлгісіне айналып отыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Наубайханада жұмыс істейтін сотталғандардың айтуынша, дәмді нанның құпиясы – қарапайым. Ең бастысы – дәстүрлі технологияны қатаң сақтау және табиғилықтан айнымау.

– Біз тек бірінші сұрыпты ұн, табиғи ашытқы мен таза суды қолданамыз. Нанның да өз мінезі бар дейді ғой. Сондықтан ауысымға жақсы көңіл күймен келуге тырысамыз. Қызарып піскен ыстық нанды пештен алған сәтте еңбегіңнің ақталғанын сезінесің, – дейді наубайшылардың бірі.

Мекеме басшысының орынбасары Арман Атығаевтың сөзінше, мұнда еңбекке тартылған сотталғандар арнайы оқудан өткен.

– Бұл олар үшін жай ғана жұмыс емес. Өмірге басқа көзқараспен қарап, елге пайдасын тигізудің бір жолы, – дейді ол.

Пісірілген әр бөлке нан мұқият тексеріледі. Іші жұмсақ, кеуекті, сырты алтын қабықты нан ұзақ уақытқа дейін дәмін де, қалпын да жоғалтпайды.

Қазір мекеме өз қажетін толық өтеп қана қоймай, өңір тұрғындарына да өнімді ұсынып отыр. Табиғи тәсілмен дайындалған нанға сұраныс жоғары.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру