Темір тордың ар жағындағы шахмат шебері
Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №43 мекемесінде жазасын өтеп жүрген азамат екі жыл ішінде шахмат шебері атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткі сақтағаны үшін сотталған Михаил (есімі өзгертілген) қазір Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №43 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Оның 6 жылға бас бостандығынан айырылуы өмірінің сынағы ғана емес, жеке тұлға ретінде өзгеруіне мүмкіндік берген кезең болды. 3 айдан кейін ол еркіндікке шығып, отбасымен қайта қауышады.
Темір тордың ар жағындағы алғашқы күндерінде Михаил үшін уақыт тоқтап қалғандай болды. Өмірі қараңғылыққа толып, үмітсіздікпен бетпе-бет жолықты. Бірақ оның бұл күйін шахмат ойнап отырған сотталғандар өзгертті. Бұл ойынды толық түсінбесе де, Михаилдың қызығушылығы оянды. Ол шахмат әлемінің сырын ашқысы келді.
Алғашында ойынның қиындықтары оны абдыратқанымен, Михаил тез үйрене бастады. Шахматтың күрделілігі мен стратегиялық тереңдігі оны өзіне тартты. Ол тәжірибелі ойыншылардан кеңес сұрап, өз шеберлігін дамыта түсті. Көп ұзамай бұл жай ғана қызығушылық емес, ақыл-ойды шыңдайтын нағыз хоббиіне айналды.
Екі жыл ішінде Михаил №43 мекеменің ең үздік шахматшыларының біріне айналды. Оның ойыны жаза өтеушілердің арасында ерекше көрініске айналып, әрбір партия нағыз стратегиялық шоуға айналды. Бірақ оның жетістіктерінен де маңыздысы — отбасының қолдауы. Әйелі, балалары мен немерелері оның әрбір жеңісіне қуанып, оны алға жетелейтін мотивация көзі болды.
– Сенің әрбір шахматтағы жеңісің — біздің болашаққа деген кішкентай қадамымыз. Біз сені күтеміз және сен бұл сынақ сені тек қана шыңдайды, – деп Михаилға өмірлік жары әрдайым қолдау білдіреді.
Қазір Михаил бостандыққа шығатын күнді асыға күтіп жүр. Ол отбасымен қайтадан қауышып, балаларымен уақыт өткізуді және немерелерімен ойнауды армандайды. Ол өз үйінің ауласында шахмат турнирлерін ұйымдастырып, өмір жолында қиындықтарға тап болған адамдарға қолдау көрсетуді жоспарлап жүр.