Темір жолда белгіленбеген жерден өткен ақмолалық азаматқа айыппұл салынды
Темір жолда белгіленбеген жерден өткен ақмолалық азаматқа айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
24 сәуірде Астана станциясындағы желілік полиция басқармасына Нұрлы-Жол – Астана аралығында жүк пойызының машинисі темір жолдарда бөгде адамның болуына байланысты шұғыл тежеуді қолданғаны туралы хабарлама келіп түсті.
– Жоспарланбаған пойыз тұрағы 8 минутты құрады.Тексеру барысында көлік полицейлері Ақмола облысының 27 жастағы тұрғынын анықтады. Ол масаң күйде темір жол арқылы белгiленбеген жерден өткен. Аталған факті бойынша құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабы 5-бөлігі және ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігі бойынша екі хаттама толтырылды. Оған 5 айлық есептік көрсеткіш (17 250 теңге) көлемінде айыппұл салынды, – деді көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері көлік полицейлері белгiленбеген жерлерден темiржол арқылы өту бойынша 8901 дерек, алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу бойынша 1694 факті тіркеді.