Теміртау қаласында үйге қонақтармен бірге кірген бейтаныс әйел үй иесінің алтын бұйымдарын қолды еткен
Теміртау қаласында бөтен біреудің пәтеріне қонақтармен бірге кірген азаматша үй иесінің алтын бұйымдарын ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
4 ақпан күні Теміртау қалалық Полиция басқармасына қарасты Шығыс полиция бөліміне 33 жастағы қала тұрғынынан арыз түскен. Жәбірленуші азаматша арызында үйінде мерекелік дастархан ұйымдастырғанын, отбасылық іс-шара кезінде қонақтардың арасында болған белгісіз біреудің есіктің ашық болғанын пайдаланып, қорапта тұрған алтын жүзігі мен білезігін, сондай-ақ алқасын ұрлап кеткендігі туралы шағымданған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 500 мың теңгені құраған.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Келесі күні криминалдық полиция бөлімі қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аталған іске қатысы бар деген күдікпен 32 жастағы азаматша анықталып, ұсталды.
Полиция қызметкерлері алдын ала тергеу барысында күдіктінің шақырылған қонақтардың тізімінде болмағанын анықтады. Алайда, ұсталған азаматша үйге көпшілікпен бірге кіріп, өзінің жымысқы ойын жүзеге асырған.
Күдікті қылмысын мойындады. Айғақ заттар тәркіленіп, тергеу амалдары жүргізілуде.