Теміртауда 53 жастағы әйел мұғалімнің сөмкесін ұрлап кетті
Теміртауда 53 жастағы әйел мұғалімнің сөмкесін ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 шілдеде Теміртау қаласының ПБ Шығыс полиция бөліміне 46 жастағы қала тұрғынының арызы келіп түсті. Жәбірленуші әйел мектепке дейінгі мекемелердің бірінде мұғалім болып жұмыс істейтінін айтты. Шамамен сағат 9.00-де әйел сөмкесінің жоғалып кеткенін білген, оның ішінде төрт флэш-карта бар. Келтірілген шығын мөлшері 20 мың теңгені құрайды. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Балабақшаға кіреберісте орнатылған бейнекамералары арқылы полиция қызметкерлері күдікті 53 жастағы әйелді анықтады. Бұл әйелдің полицияда ұсақ мүліктік қылмыстар жасауға бейім адам ретінде тіркеуде тұрғаны белгілі болды.
12 шілдеде жедел-іздестіру іс-шараларының барысында криминалдық полиция қызметкерлері қылмыскерді ұстады. Тәрбиеленушілердің бірінің әжесі ретінде мектепке дейінгі мекемеге еркін кірген әйел ұрлық жасағанын мойындады. Айғақты заттар алынып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.