Теміртауда алданған зейнеткерлерден ақша алған «курьер» ұсталды
Теміртауда алданған зейнеткерлерден ақша алған «курьер» ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Теміртау қалалық полиция басқармасына қарасты Шығыс полиция бөліміне 74 және 86 жастағы екі зейнеткер арызбен шағымданды. Олардың белгісіз бір алаяқтардың құрбаны болғандығы анықталды.
Жәбірленушілерге белгісіз біреу хабарласып, немерелері жол-көлік оқиғасына түсті. Оларға шұғыл түрде медициналық көмек көрсету керек деп хабарлаған. Кейін алаяқтар ем шаралары үшін ақша керектігін айтқан. Ақшаны алу үшін жасөспірім курьер ретінде барып, бірінші жағдайда 1,1 млн теңге әкетсе, екінші рет 1,3 млн теңге ақша алып кеткен.
Сол күні ақша бергеннен кейін, зейнеткерлер немерелері ешқандай жол-көлік оқиғасына түспегенін білген. Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 16 жастағы жасөспірім анықталып, ұсталды. Ол мойындау көрсетпе белгілерін беріп, жұмысты интернет желісінен тауып алғанын, ақшаның жартысын жұмыс берушіге, ал жартысын өзіне алып қалғанын айтты.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.