Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Теміртауда есірткі саудасына қатысы бар күдікті құрықталды

Теміртауда есірткі саудасына қатысы бар күдікті құрықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл күшейтілуде. “Қарасора – 2025” жедел алдын алу іс-шарасы аясында Теміртау қаласының полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері 30 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.

Операция барысында әйел полицейлерді көрген сәтте қолындағы полиэтилен түйіншекті жасырмақ болған. Оның ішінен ақ түсті таспамен оралған, қоңырқай түсті ұнтақ зат салынған 24 шағын түйіншек тәркіленді. Жеке тінту кезінде оның телефонынан куратормен хат алмасқаны анықталды, сондай-ақ есірткі заттарын сақтауға арналған сөмке табылды.

Күдіктінің тұрғылықты жерін тексеру барысында шамамен 100 грамм қоңырқай түсті ұнтақ зат пен есірткіні қаптауға арналған құралдар тәркіленді. Барлық айғақтар сараптамаға жіберілді.

Қылмыстық іс қозғалып, жүргізілген тергеу іс-шаралары барысында әйел өз кінәсін мойындады. Ол соңғы бір ай бойы интернет-дүкеннің тапсырмасы бойынша есірткі заттарын қаптап келгенін түсіндірді. Қазіргі таңда ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру