Теміртауда полицейлер жолда толғағы басталған әйелді перзентханаға жедел жеткізді
Теміртауда полицейлер жолда толғағы басталған әйелді перзентханаға жедел жеткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
10 ақпан күні сағат 18:00 шамасында №409 автопатруль экипажының қызметкерлері — Теміртау қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны инспекторы Нұрлан Оразалиев пен полиция-кинолог Ақжол Абдулла кезекші бөлімнен шұғыл хабарлама алды.
Жедел басқару орталығының мәліметіне сәйкес, Абай көшесімен толғағы басталған әйел отырған Chevrolet автокөлігі қозғалып келе жатқан. Оны перзентханаға дейін жедел түрде сүйемелдеу қажет болған.
Полиция қызметкерлері аталған көлікті дереу анықтап, арнайы жарық және дыбыстық белгілерді қосу арқылы, жолдағы кептеліске қарамастан, қауіпсіз әрі кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етті. Нәтижесінде автокөлік қалалық перзентхананың кіреберісіне дейін жедел жеткізілді.
— Хабарлама түскен бойда көлікті іздеуге кірістік. Орнын анықтаған соң бірден сүйемелдеуді ұйымдастырдық. Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазба туралы кейін естідік, — деді Нұрлан Оразалиев.
Полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында әйел медициналық мекемеге дер кезінде жеткізілді.
13 ақпанда перзентханадан Нұрсила Жанабаева аман-есен өмірге келген сәбиімен бірге шықты. Бұл — отбасының бесінші перзенті.
Қуанышты сәтте отбасын перзентханаға дейін сүйемелдеген полиция қызметкерлері жас ата-ананы қарсы алып, құттықтау тілектерін білдіріп, гүл шоқтарын табыстады.
— Жолда жұбайымның толғағы басталып, абдырап 102 нөміріне хабарластық. Полиция қызметкерлері дереу көмекке келіп, бізді уақтылы жеткізді. Осындай қолдау көрсеткендері үшін шын жүректен алғыс айтамыз, — деді бес баланың әкесі Жалғас Игамбердиев.
Аталған оқиға полиция қызметкерлерінің тек қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтардың өміріндегі маңызды сәттерде де қолдау көрсетуге әрдайым дайын екенін айқын көрсетті.
